16 маусымда «Жан Моне кафедрасы. Еуропалық дипломатия» жобалық тобының мүшелері, «Еуропаның достары» клубының мүшелері Токиодағы (Жапония) Сока университетінің профессоры Веселин Поповскийдің «Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау» тақырыбындағы онлайн режимдегі, zoom арқылы өткен дәрісіне қатысты. Көпжақтылық Еуроодақтың қызметіндегі негізгі тұжырымдамаларының бірі екендігі бәріне белгілі. БҰҰ мен ЕО арасында тығыз серіктестік орнатылған. БҰҰ реформасы Еуропалық Одақтың үлкен қызығушылығын тудырады, өйткені ол Еуропадағы ұлттық, аймақтық масштабтағы саяси процестердің болашағына тікелей әсер етеді.
Дәріс жоба тобының мүшесі, Л.Н. Гумилев атындағы ЕНУ халықаралық қатынастар кафедрасының шақырылған профессоры Камен Величковтың ат салысуымен өтті. Алдын ала барлық қатысушыларға презентациялар, тақырып бойынша талдамалық материалдар жіберілді. Профессор Поповски өзінің дәрісінде осы жаһандық ұйымның негізгі институттарын қайта құрудың мүмкін болатын модельдеріне назар аудара отырып, БҰҰ реформалаудың мәселелеріне егжей-тегжейлі талдау жасады. Дәріс соңында профессор В.Поповски студенттер мен магистранттардың сұрақтарына жауап берді.